2018 жылғы 1-2 қараша Ақтөбе қаласында «Ақтөбе» қонақ үйінің конференц-залында «Деструктивті және экстремистік діни ағымдарға жастардың тартылу қаупін төмендету мақсатында экстремизмге қарсы жастар қозғалысының қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында  «Экстремизм мен тероризмге, деструктивті діни қызметтің алдын алуға  қарсы іс-қимылдың әдістері мен түрлері» және «Мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы заңнама» тақырыптарында жастарды оқыту бойынша екі күндік семинар өткізілді.

Семинарды «Ризалық» Қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің тапсырысы бойынша ұйымдастырды.

Семинардың мақсаты — деструктивті діни ағымдар мен экстремизмнің алдын алу бойынша жас мамандардың қатарынан кәсіби спикерлерді даярлау.

Семинар жұмысына Ақтөбе облысының дін істері басқармасының өкілдері, діни бірлестіктер, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері тартылды.

Шараға Ақтөбе медициналық колледжі мен ҚазГЗУ колледжінің белсенді студенттері қатысты.

Семинар барысында жастарды деструктивті діни ағымдарға және экстремистік ұйымдарға тарту қаупіне, интернет-кеңістікте діни экстремизм мен радикализм идеяларының таралуына қарсы тұру, рухани және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, мемлекеттік-конфессиялық қатынастардағы зайырлылық мәселелері талқыланды.