Қазіргі әлемдегі дін-рухани ахуалға қарай отырып, оның халықтың рухани тұтастығында немесе қайшылығында қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын түсіну қиын емес. Жалпы дін біреу болғанымен ол әрбір халықтың, әрбір адамның дүниетанымында өзінше көрініс береді. Ислам дінін ғасырлар бойы рухани бағдар ретінде ұстанып келе жатқан халқымыздың ішінен қаншама әйгілі тұлғалар шықты. Олар ислам құндылықтарымен сусындай отырып, өздерінің шығармаларына арқау етті. Орта ғасырлардағы әлемге танымал ғұламалардан бөлек, ақын –жыраулар шығармаларының өзін исламдық құндылықтар мен адамгершілік нормаларға толы. Бұл қазіргі қазақ халқы таза исламды ұстанбаған деген мағынада ортаға іріткі салып жүрген теріс пиғылды топ өкілдерінің уәждерін жоққа шығарады. Тіпті олардың шығармаларының мәніне тереңірек үңілетін болсақ исламның негізгі қайнар көзі болып табылатын Құран мен пайғамбар өсиеттерімен астасып жатқандығын көруге болады.

Осы дәстүрді біз қазақ халқының жыраулары мен шешендерінен бастап Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғалымдардың еңбектерінде көреміз. Сонымен қатар, кеңестік кезеңде ғалымдарымыздың шығармалары діни түсініктен ажыратылып, жалаң әдеби-шығармашылық тұрғыдан түсіндірілді. Қазір де өткенімізбен толық сабақтастық орната алдық деп айта алмаймыз. Олай болатын бірнеше себептер бар:

Біріншіден, қазіргі қазақ қоғамы әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде жаһанану үрдісін басынан кешіріп отыр. Бұл үрдістің оң әсерімен қатар, жағымсыз қырлары да тәуелсіздік жолында енді ғана өзін тіктей бастаған отанымыз бен ондағы азаматтарымызға барынша ықпал етуде. Ол әсіресе, уақыт тапшылығын тудырды. Қазіргі азаматтардың, әсіресе жастардың басым бөлігінің уақыты әлеуметтік желілер мен интернет парақшаларында өтетіндігі шындық. Олар болса, азаматтардың санасын әлемге ашылған ортақ көзқарастар мен біз үшін таңсық саналатын жасанды құндылықтар алып отыр.

Екіншіден, басымыздан кешірген тарихи кезеңдер мен өзгерістер, сабақтастықтың әлсіреуіне ықпал еткен. Бұл қазіргі азаматтардың сөздік қоры мен ғалымдарымыздың шығармаларындағы тұшымды ойлап мен пайымдарды түсіне алатындай дәреженің қалмауы. Сол себепті, шығыстың данышпанының дүниеге көзқарастық мәні бар бір еңбегін оқудың орнына, ойға да тілге де, қабылдауға да салмақ салмайтын жеңіл ақпараттармен толығу жеңіл болып тұр.

Үшіншіден, рухани құндылықтар сабақтастығын орнату үшін елімізде мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан қадамдардың қысқа мерзімді болып, білім беру мекемелері мен жастар арасында толық түрде жеткізілмеуі. Оның үстіне қазіргі білім бағдарламаларының күрделенгендігі соншалық, оқушылар мен білім алушылардың рухани сабақтастықты қалыптастыратын ғибратты әдеибеттермен шұғылдануына мүлде мүмкіншілік жасалмаған, әрі бұл құпталмайды.

Төртіншіден, жастардың рухани бағдарын қалыптастырып, өзінің төл көзқарастарын қалыптастыра алатындай немесе түбегейлі тәлім бере алатын еңбектердің сараланбауы, жарыққа шықпауы. Жаңа мен ескінің арасындағы күресте жеңіліске ұшырауы жатыр.

Бесіншіден, еліміздегі діни мәселелер мен көзқарастарды қалыптастыруда ресми мекемелердің мүддесінің болмауы немесе зайырлылық қағидаттары ретінде діни бейтараптылықты жақтауы, осыған байланысты діни көзқарастар мен рухани тәрбиеге бай мұраларымыздың отандық тәрбие үрдісінде ойып тұрып отыр ала алмауы мәселенің жақын арада шешілуіне кедергі келтіруде. Бір жағынан еліміздің көп ұлттық және көп конфессиялық ұстанымдары мемлекетті құрушы ұлт ретінде де қазақ халқының да рухани-діни көзқарастарын еркін дәріптеуіне мүмкіншілік бермеуде.

Бірақ, бір халық рухани мұрасы мен тарихи жиған-тергендерінен жырақ өзіндік ұстаным қалыптастыра алмайды. Ондай жерде бөгденің құндылығы мен көзқарастары тіпті ғалымдарының шығармалары дәріптеле бастайды. Қазіргі қазақ қоғамының діни бағыттағы азаматтарының арасында шет елдік ғалымдардың шығармаларына деген сенімділік, тіпті негізгі дәйекке айналуы осы олқылықтардың көрінісі деуге болады.

Сонымен қатар, қазіргі кезде де отандық ғалымдардың ұлағатты ойлары айтылған кезде, олардың діни ұстанымдарына, исламдық дәстүрге онша көңіл бөліне бермейді. Сондықтан, бұл ғалымдарымыздың шығармашылығын қарастырғанда Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Бұл, ғалымдарымыздың мәртебесін төмендетпейді. Керісінше діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұщымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Бұл, олардың туындыларының негізгі өзегінде діни көзқарас, имандылық, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр деген сөз. Данышпан Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» дегендей бұл ғалымдарымыз өлеңді тек баспалдақ ретінде қолданған.

Мәселен, Сәдуақас Қажының да өлеңдерінің ерекшелігі тікелей осы сүрелер мен хадистердің атауымен аталады. Өлеңдерінің өзі «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі», «Әйуһәл-уәләдтың біраз аудармасы», «Пайғамбардан көшірілген мына бір хадис» деп аталуында жоғарыда айтылған ойлардың жатқандығы шындық:

«Ғанкабут» сүресінің бір аяты,
Сөйлеген көп мысалмен хикаяты.
Аңдаушы ғалым ғана деп білдірген,
Ұсынған болған жанға дираяты.
«Ғасыр» сүре есіңде өте сақта,
Қашанда адамшылық жолын ақта.
Бұл өсиет, ақылым, інім саған,
Күйдірме мүһмен жанды құр нахаққа.

Сондай-ақ, тікелей діни мәтіндер болмаса да діннің мазмұнына сай тәрбиелік бағытта жазылған өлеңдеріне де осы тұрғыдан қараған дұрыс.

Жалпы рухани тәрбиелеу дәстүрі басқа ғалымдардың да шығармаларында орын тапқан. Мәселен Шәкәрім шығармаларында:

Сыртыңды сыланасын сән беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орына атасың.
Жалғанның бір пайдасың көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,

Амалсыз қара тастай қатасың  делінеді. Осы үрдіс барлық жыраулар мен ақындарды айналып өтпеген деуге болады. Олай болса, рухани құндлықты басқадан әздемейтіндей бай дәстүрге иеміз.

Бұл теңізден алынған тамшыдан бір мысал ғана. Қазақ ғалымдарының еңбектерін зерттеп, қазіргі ұрпақты тәрбиелеу үрдісінде кеңінен пайдалану мәселесі өте ауқымды тақырып болмақ. Болашақта бұл қадам қолға алынады деп сенеміз. Егер осы мәселені жаңғыртатын болсақ, төл діни түсінігімізге оралсақ, қазіргі дін саласында болып жатқан көптеген қайшылықтар мен түсініспеушіліктер өз шешімін табары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, халқының қамын ойлап, діні мен сеніміне адалдығын паш еткен, соның нәтижесіне заманының теріс саясатынан соққы жесе де мойымаған, болашақтан үмітін үзбеген, дінді дәріптеу, түсіндіруде, діни мәтіндерге талдау жасауда өзіндік із қалдырған, бірегей тұлға болған ғалымдарымыз бен даналарымыз қаншама. Халқымыздың діни-рухани мұралары, болашақта кең ауқымда зерттеліп, өзіне лайықты орнын аларына күмән жоқ.