«Отан отбасынан басталады» деген халық даналығында айтылғанындай отбасының қоғамдық өмірдегі орны мен рөлі ерекше. Себебі, қоғамның әрбір өкілі осы «отбасы» деп аталатын ортада туып, тәрбиеленіп, қоғамнан өз орнын алады. Оның қоғамдағы орны мен қызметіне қарап қандай отбасында тәрбиеленгендігін де бажайлау қиын емес. Діни түсінікте де отбасына ерекше көңіл бөлінеді. Алдымен адал некеге негізделген отбасын құру, кейінен отбасының әрбір мүшесіне жүктелетін жауапкершіліктер осының айғағы болса керек. Бұл қарым-қатынастардың барлығы діни ұстанымның бір бөлігі ретінде орын алады. Ата-ананы құрметтеу, олардың ризашылығына қол жеткізу, асырап-бағу сияқты міндеттер әрбір перзенттің қасиетті борышы болып табылады. Керісінше баланың тәрбиесінде қателік жібермеу, оларға имандылықты дәріптеу ата-ананың міндеті болмақ.

Олай болса болашақ ата-ана да, отбасы да бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне тікелей қатысты. Сондықтан да діннің ең басқы құндылығы адамның болмысына сай тәрбие беруге үндеу. Жалпы діннің барлық болмысы адам баласын тәрбиелеуге негізделеді десек артық айтқандық емес. Тәрбие еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қажет. Өйткені, тәрбие болғанда ғана, адамдық қасиет жүзеге асып, өмірдегі адамның орны айқындалады. Қазақтың батыр тұлғаларының бірі Бауыржан Момышұлы: «Тәрбиесіз ел болмайды. Тәрбиеге  бағынған құл болмайды» деп тәрбиенің маңызын ашып көрсеткен. Тәрбие жайында мұсылман ғалымдар төмендегідей пайымдаулар жасайды:

Ислам дінінің көрнекті өкілі Имам Ағзам Абу Ханифа: «тәрбие тұлғаны тәрбиелейтін немесе бұзатын нәрсені білдіреді» деген. Ал Мауәрди болса, тәрбие тұрғысында былай деген: «Тәрбие тірек сияқты. Алла сол арқылы ақылды кемелдендіреді».

Зәрнуси: «Білім, зейінді алатын нәрсе тәрбие болса, білім мен үкім беру жүйелерін үйретеді», — деген. Ибн Сина тәрбиеге «Қандай да бір нәрсені, әдетке айналдырғанша қысқа немесе ұзақ уақыт қайталау», — деп анықтама берген.

Құранды тәпсірлеуде танымал болған Бәйзауи деген ғалым, тәрбиені «Бір нәрсені бірте-бірте дамыта отырып, кемелдікке жеткізу» деп түсіндірген. Сонымен қатар дінде адам тәрбиесі нәрестенің ана құрсағына түскеннен басталуы керек деген көзқарас бар. Бұл, тәрбиенің ананың қанымен және сүтімен даритындығын, адал тағам мен жақсы сөздің өзі құрсақтағы нәрестеге оң ықпалын тигізетіндігін көрсетеді. Қысқаша айтқанда, тәрбиенің сөздік мағынасын назарға ала отырып таным жасайтын болсақ,  жеке адамның, сенімнің, қоғамның, қоршаған ортаның қойған талаптарына сай өзінің іс-қимылдарын, мінез-құлқын қалыптастыруы, қойылған шарттарға бейімделуі деуге болады.

Тәрбиенің мақсаттары да әртүрлілігімен ерекшеленеді. Кейбір ата — аналар балаларын, өмір мектебіне дайындау үшін тәрбиелейді. Кейбірі ғалым болуы үшін тәрбиелейді.  Ал енді біреулері еліне, халқына қызмет ететін азамат болсын деп тәрбиелейді. Адамдар әртүрлі дәуірлерде заманның талабына сай тәрбиені алуан түрлі мақсаттарда қолданып келген. Бабаларымыз жаугершілік заманда ер баланы атқа мінуге, қару қолдануға тәрбиелесе, бейбітшілік заманда білім алуға, адамгершілікке, парасаттылыққа тәрбиелеген. Тәрбиенің жүйелі түрде берілуін сонау ежелгі гректерден көруге болады. Олардың түсінігінде ең құрметті адамдар, тәрбиенің талаптарын орындағандар болып саналған.

Қай кезеңде болмасын қоғамда тәрбиенің орны ерекше болған. Әр елдің, халықтың қанына сінген тәрбие беру ерекшеліктері бар. Ал ислам дінінде бұл тәрбие жүйесі өте сапалы дәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Европалық үлгідегі тәрбиелеу жүйесінде тәрбие беруден көрі білім беру бағыты басым. Ал мұндай білім мен ғылымның белгілі дәрежеде кемшілігі болады. Себебі тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға оң ықпал етпейтіндігін әл — Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы «тәрбиесізге берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген тұжырым жасаған. Ислам  діні білімге, ақылға, жақсы ниетке, қоғамдық-әлеуметтік әділеттікке сонымен қатар адам құқығы мен құрметіне ерекше  көңіл бөлген.

Адамның жетілуі, тәрбиеленуі, іс-әрекет және қарым-қатынасты реттеу тұрғысында ислам діні ерекше көңіл бөледі. Діни түсінікте адамның мінез-құлқының қалыптасуында тектіліктің үлесін жоққа шығармайды, дегенмен адамның айналасындағы қоршаған ортаның ықпалына ерекше назар аударылады. Осы жайында Құранда былай делінеді: «Шындығында Алла елшісінде (пайғамбар) сендер үшін бір үлгі бар.»

Сонымен қатар жақсы мен жаманды ажыратып, өзінің бағытын айқындауда адамға ақыл берілгендігін де назарға ұсынады. Адамдарды ойлауға шақырады: «Ал енді олар өздерінен бұрынғылардың соңының не болғанын жер жүзін кезіп көрмей ме? Әрине ақырет жұрты тақуалар үшін қайырлы ойланбайсыңдар ма?.» Осы сияқты 823 жерде білім түбірінен, 49 жерде ақылға салу турасында, 18 жерде ойлануға шақыратын үгіт сөздер Құранда орын алған.

Ал пайғамбар дұрыс жолдас таңдаудың да тәрбиеге ықпал ететіндігін мәлімдейді: «Жақсы жолдас пен жаман жолдас мысалы, қолында иіс суы бар  адам мен көрік үрлеуші адам сияқты. Иіс суы бар адам саған оны сыйлайды немесе одан сатып аласын немес оның қош иісін сезесің. Ал  көрік үрлеуші сенің киіміңді күйдіруі мүмкін немес одан жағымсыз иіс сезесің.» дей отырып жақсы адаммен жолдас болудың тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді. Құранның аятында: «Шын мәнінде мүміндер  туыс-бауыр. Сондықтан екі туыстың арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер.» делінеді.

Қоғамның қандай саласы болмасын тәрбие өзінің маңыздылығын жоймайды. Қарапайым адамның жеке бас тәрбиесінен бастап, қоғам алдындағы, құдай алдындағы ұстанымдарына дейін барлық деңгейде, барлық салада тәрбие түсінігі болады және адамның әлеуметтік дәрежесіне қарай да одан ерекше тәрбие түрі талап етіледі. Мысалы: Пайғамбардың  мына хадисіне қарайтын болсақ, «Көршісі аш болып өзі тоқ болып түнеген мұсылман емес» дей отырып жауапкершіліктің көршілердің арасында да жоғары деңгейде көрініс табатындығын меңзейді. Әрбір мәнсапқа ие адамның әділ шыншыл, ісіне берік, іскер болуын бұйырады. Бұлардың бәрі бір Алланың әміріне және сауапты амалдар қатарына жатады, өйткені Алла Тағала Майида сүресінің  64-ші аятында былай дейді: «Олар жер жүзінде бұзақылық жасауға тырысады, Алла бұзақыларды жақсы көрмейді». Бұл аяттың мағынасына қарағанда тәрбиенің мақсаты қоғамдағы тыныштықты орнату, тыныштықты бұзатын қылықтардың барлығы дұрыс тәрбиенің қатарына жатпайтындығы анық байқалады. Сол себептен бір адам екінші бір адамды әдейілеп өлтірсе барлық адамдарды өлтіргендей болады делінеді. Сондықтан адам өлтіретіндей төмен дәрежеге түскен адамды істеген ісінің жазасы ретінде өлтіру керек деп бұйырылады. Сонымен бірге, жанұя мемлекеттің тірегі болғандықтан жанұядағы үйлену, ажырасу, мирас,  әке — шешеге құрмет ету сияқты мәселелердің барлығында адамның тәлім — тәрбиесінің маңыздылығын қолға алады. Әке — шешеге құрмет ету жайында Құранда былай делінеді: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әек-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер екуінің бірі немесе екуіде жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме) сондай-ақ ол екеуін зәкіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле».

Имам Тәбәри былай түсіндіреді: «Раббың өзіне басқа ешкімге құлшылық етпей тек қана Аллаға құлдық етуін және әке-шешеге жақсы қарым — қатынаста болуды және оларға құрмет етуді үндейді. Әке-шешең сенің қасыңда қартайған кезде оларға реніш білдіріп, түһ деп кейіс білдірме, керісінше оларға жұмсақ сөйле». Бұл аяттқа қарағанда Ислам  діні адам баласын, тәртіпке, сабарлыққа үндейді. «Кімде әдеп болмаса, онда ілім жоқ», — деп Хасан Басри бекер айтпаса керек.

Қорыта айтқанда, діни түсінікте отбасы, тәрбие ұғымдары әрқашанда астасып отырады. «Ұяда нені көрсең, ұшқанды соны аласың» деген халық даналығы бекер емес. Дінді дұрыс әрі толыққаны түсінген адам өз отбасын, отанын, елін, жерін бағалап, құдайдың берген нығметі ретінде қарап, оны сақтап қалуға барынша тырысуы тиіс.