Адам баласы о бастан бақытты болуға ұмтылады. Алайда «бақыт» ұғымы адамды әртүрлі бағытқа, қадамдарға жетелейді. Осы ұғымға жету үшін адамдардың арманы да әртүрлі бола береді. Өзінің жан дүниесінен, отбасынан, отанынан үйлесімділік таба алмаған, көрмеген адам оны кейде сырттан да іздеп жатады. Оның үстіне адам барынша түсініксіз жаратылыс, ол кейде өзінің ішіндегі арманын да дұрыс бажайлай алмауы мүмкін.

Ал, адамның тыныштық іздейтін нәрселерінің ең танымалы, ең сұранысы жоғарысы  ол – дін. Уағызшылардың сөзіне құлақ салсақ, адам өзге жерден бақыт таба алмайды. Немесе адам өзінің әлсіздігін сезінген бетте дінге бет бұрады. Бұл, рухани қажеттілік болуы да мүмкін. Дегенмен шарқ ұрып жүрген қазіргі заманның адамдары бастарын тауға да тасқа да соғып жатыр. Әсіресе дінге бетбұрыс жоғары қарқынмен жүріп жатқан елімізде бұл іс тіптен күрделеніп кеткендей.

Ғылым мен техникадан, өркениетті және люкс өмірден де адамның руханияты рахат таба қоймаған осы ғасырымызда ХІХ ғасырдағы әлеуметтанушылар айтқандай діннен бас тарту, сакрализациядан секуляризацияға толықтай бет бұру таяу арада бола қоймайтын түрі бар. Сондықтан бәрі-бір адам баласы бақытын діннен іздеуді жалғастыра бермек.

Осы орайда діннің өзі бұрғыдай сенімді, саф күйінде болғанымен дінді ұстанушылар оның бет-бейнесін едәуір өзгертіп жіберді десек қателескендік болмас. Қазір діндарлық пен радикалдық, сауап пен қан төгу сияқты ұғымдар кейбір дін ұстанушыларында қатар қолданысқа ие бола бастағандай. Іші байыз таппаған адамдар өздерінің айуандық әрекеттерін дінмен бүркемелеп адамзат үшін орасан үлкен қылмас жасап та жатыр.

Шәкәрім Құдайбердіұлының тілімен айтқанда:
Дін адамды бір буыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
Інжіл, Құран – бәрі айтып тұрса дағы,
Мағынасынан адасып қара басар.
Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар,- дейді. Олай болса діннің өзінде ешқандай да кемшілік жоқ. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қадірлеп, қастерлеп ұстанып келе жатқан дін, сол осы дініміз. Бірақ адамның пейілі мен көзқарасы дінді өзіне бұрмалап пайда мен табыстың, лаңкестік пен соғыстың көзіне айналдырып отыр.

Ал зардапты, діндарлыққа бет бұрып, руханы тыныштық іздеуге талпынған азаматтар тартып қалады көбінесе. Өйткені олардың дін деп кіргендері лаңкестік топ, тақуалық деп жүргендері адасушылық, имандылық дегендері күпірлік болып шығады. Ең өкініштісі адасып жүрген адам немесе теріс ағымдардың қатарында біраз уақытын өткізіп алған адам өзінің адасып жүргендігін түсіне алмауын былай қойғанда өзінен басқалардың барлығын адасушылар, кәпірлер, азғындар деп кінәләп оларға қарсы дұшпандығы оянып, кектеніп алатындығы. Ақырында өздері ұстанған дін уағыздамайтын, құп көрмейтін, тіпті үлкен күнә санайтын адамның қанына, жанына қол сауға дейін барып жатады. Міне қазіргі діншілдің бейнесі.

Ондай лаңкестікке бет бұрған, дінді азғындықпен түсінген адамның бойында алғашқы дінге деген сезімі, тазалығы, алғаш үйрене бастаған кездегі адалдығының бірі де қалмайды. Жат бауыр, қатыгез, қаныпезер діншілдердің қатарын толықтырады. Адам мен Алланың арасындағы дәнекер болуы тиіс діни ұстанымдар саясаттың қол шоқпарына айналып, ақырында кім үшін, не үшін күресіп жүргенін білместен лаңкестіктің құрбына болып кете барады.

Адам баласының табиғатының бір ерекшелігі жақсыға да жаманға да бейімделіп кете алатындығы. Жаманшылық пен теріс жолда жүрген адамдар да уақыт өте келе «шаққаннан ләззәт алатын жылан сияқты» болмысы өзгеріп, дұшпандықты кәсіп етеді. Ең сорақысы мұнысын «Алланың атымен» жасауы. Алайда ешбір дінде адам өлтір, қоғамда бүлік тудыр, ата-анаңа бағынба, еліңе опасыздық жаса демейді.

Бұл нәтижелердің барлығы адамның алғашқы білімді, мәліметті дұрыс адамнан алмауы, бастапқы қателік, арманы адасқандықтан басқа ештеңе емес.