Соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар жарыққа шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Бастабында көзімізге көрінген діндарлардың барлығына періштедей сеніп, солардан қалмай дінді үйреніп, діндар болғанның жөні осы деп жаппай дінге ұмтылу үрдісі жүрді. Кейіннен «жылтырағанның барлығының алтын емес» екендігіне көзіміз жете бастағандай. Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары күнделікті өмірде өз орнын алғаны белгілі. Қазірде осы ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген дінімізге де күдікпен қарайтын дәрежеге жеттік. Алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарды көргенде қуана да, құрметтей қарасақ, қазір үмітімізден күдігіміз басым болды. Бұған себеп те жоқ емес. Соңғы кездері бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін топтар шыға бастады. Ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген дәстүрлі ислам қате мыс! Пайғамбарға тарихи тұрғыдан жақын өмір сүріп, бізден гөрі дінге, құдайға адалырақ болған, өзгенің емес, алдымен өз қателігіне баса назар аударған аталарымыз теріс жолда болған мыс! Құдайға серік қосып, күпірлікке түсіпті! Қазақтардың исламы бидғатқа толып кетіпті. Оны тазалау керек екен! Сонда мынадай сұрақ туындайды. Егер қанша ғасырдан бері ата-бабаларымыздың барлығы күнәкар болса, құдайға серік қосса, барлығы да тозаққа кеткені ме?! Тозаққа немесе жұмаққа жіберу құдайдың ғана қолында емес пе?! Сонымен қатар өздері мойындамайтын мазхабты ұстанатын мешіттерге келіп имамдардың артында тұрып намз оқитыны тағы бар. Сонда бұлардың қарсылығы діни сенімге қатысты емес сияқты болып та көрінеді. Сондықтан қазіргі таңда біздің қоғамдағы ислам бағытындағы ең үлкен қайшылық уахабизм, сәләфизм пікірін ұстанушылармен жүріп жатыр. Бұл ағымды ұстанушылар бастабында шииттік көзқарасқа қаршы шығып «сунна» бойынша қабірді зиярат ету көзқарасын қалыптастырып, шииттердің мешіттерін қиратып, мешіттерге мұнара салуға, намаздан кейін тасбих қолдануға тиым салған. Барлық нәрсенің исламның алғашқы ғасырындағыдай қарапайым болуын қалап, айналасындағыларға уағыздай бастайды. Қазірде Ибн Таймияның жақтастары мұсылман елдерінде қайтадан көбейе бастап, тек шииттік көзқараспен ғана емес дәстүрлі мазхабты ұстанушыларға да қарсылықтарын көрсете бастады. Тіпті олардың қатарынан басқа террорлық ағымдардың қатарын толытырып жатқандар да баршылық.

Әсіресе нағыз мұсылман адам біріншіден сабырлы болуы керек. Екіншіден, ешкімге қарсы кәпір, күнәкар деген сөздерді абайлап қолдануы керек. Тіпті өздерін нағыз сүннетпен жүреміз деушілер алдымен пайғамбардың өмірінен сабақ алуы тиіс. Өйткені Мұхаммед пайғамбар сенімді хадисінде: «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер» — деп бұйырады.

Таразының екінші бір басында дәстүрлі исламды уағыздаймыз, біздің ата-бабаларымыз зікір салған, ең маңыздысы сол, намаздың да басқа құлшылықтардың да төресі зікір деп, асыра сілтеп жүргендер тұр. Біреуіне ұнамасаң сопы дейді, екіншісіне ұнамасаң сәләф, уахабист, қысқабалақ дейді. Сонда шынайы бауырмашылдық пен сүйіспеншілікті уағыздайтын, пайғамбар «үмметім» деп мақтанатын, біреудің ала жібін аттамайтын, «Ең жақсы мұсылман – басқаларға ауызымен және қолымен зиян келтірмейтін» (хадис) қарапайым мұсылмандар қайда?! Бұл қайшылық та өз кезегінде біреулер үшін саяси тиімді құралға айналуы ықтимал.

Демек соңғы кездері халқымыздың ішіне ірткі салып жүрген діншілдер мен ғалымсымақтар ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді, оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым. Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың түтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден сақтану қажет!

Тәуелсіз Қазақстанның қысқа ғана тарихында еліміздің дін саласы көптеген өзгерістерге ұшырады. Діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді. Енді өз отандасымызбен, отбасмыздың мүшесімен, ағайынымызбен тартысқа түсетін халге жеттік. Сол себепті бүлдіргі топтар мен ағымдарды десструктивті (бұл сөз латын тілінен аударғанда құлату, қалыптасқан жүйені бұзу деген мағынаны білдіреді) деп атаймыз. Алайда бұл ағымдағылар өздерін шынайы діндар және ақиқат жолындағылар ретінде санайтындықтан олардың қатары әлі де болса көбею үстінде.

Халқымыз «іштен шыққан жау жаман» демекші, мұндай көзқарасты ұстанушылар исламның атын жамылатындықтан, тек қана атын жамылу емес тіпті діни мәтіндерден (құран және хадис) өздерінің істеріне дәлел келтіретіндіктен, олармен күрес басқа жат діни ағымдармен күресуден қарағанда өте күрделі және нәтижесі барынша төмен.

Қазірде еліміздің дін саласында елеулі өзгерістер орын алып,  діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, діни ағымдар мен бірлестіктер санында біршама азаю байқалды. Дегенмен, қоғам алдындағы өзекті мәселелердің бірі Қазақстан территориясында жағымсыз әсерін таратып отырған десструктивті ағымдардардыңіс-әрекеттеріне тосқауыл болу барынша күрделі және қиын болып отыр деуге болады. Олай болатыны десструктивті ағымдар мен олардың пікірін ұстанушыларды бақылау немесе олармен диалогка келу мәселесінің күрделілігі. Себебі, біріншіден десструктивті бағытты ұстанушылар мемлекет қызметкері мен дәстүрлі діннің идеясын жақтаушыларды мойындамайды. Яғни, өздерін шынайы діндарлармыз, басқалар адасқандар, деп санағандықтан олармен сұхбаттасуды орынды деп санамайды. Екіншіден, десструктивті көзқарасты ұстанушылардың көбінесе нақты бір мекемеде жұмыс істемейтіндігіне байланысты оларды міндетті дін тақыбырындағы пікірталасқа болмаса кездесулерде көру барынша қиын. Тіпті діни және мемлекеттік қызметкерлермен кездесу бола қалған күннің өзінде олар қатыспауға тырысады.

Қорыта айтқанда, қазірде елімізде экстремистік деп танылып тиым салынған ағымдар мен ұйымдардың ұзын саны 23-ке жетті. Осы ағымдардың басым көпшілігі ислам елдерінде жұмыс жасайтын ұйымдар мен ислам атын жамылған қозғалыстар. Әлем елдері қазір түрлі ағымдардың адамдардың санасын жаулау арқылы екі түрлі мақсатты көздейтінін мойындап отыр. Біріншісі, мол пайда табу, заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалы болса, екіншісі мемлекет мүддесіне нұқсан келтіру арқылы билікті басып алу. Олай болатыны аталмыш ағымдардың онсыз да мұсылман елдерінде және бейкүна адамдар мен қорғаныс күштеріне қарсы күрес жүргізуі болып отыр. Бұл өз кезегінде үлкен қайшылық болып табылады.